Мектепте сегізінші сынып оқығанымда тарихтан беретін мұғалім сыныптасымызды тұрғызып қойып «сен кімсің?» деп сұрақ астына алғаны бар. Ол жауап ретінде өзінің атын айтқан болатын. Бірақ ағай жауабына қанағаттанбай сұрағын бірнеше мәрте қайталады. Сыныптасымыз бұл сұраққа кәдімгідей тереңінен ойланып кетіп, соңында әзер «мен адаммын» дегенді айта алды. Алайда ағай «адам екеніңді дәлелдеші» деп диалогты жалғағанында, ол ғана емес, бәріміз басымыздың ішіндегі ойлар мұхитын шарлап, мына бір қызық сұраққа жауап іздеп қиналып кеттік. Расында қалай дәлелдемекпіз?
Бізге оқу жылының соңына дейін осы сауалдың жауабын табыңдар деп тапсырма берілді. Өкінішке орай, ешқайсымыз оңдырып жауап таба алмадық. Сонда ұстаз былай деген еді: «Адам болу – өзі үшін деп қабылдаған әр таңдауы өзге үшін де жасаған таңдау екенін толық түсіну. Әрі ол таңдауларына жауапкершілік арқалау. Сен адам екеніңді саған берілген аманатқа қиянат жасамай дәлелдей аласың. Мына әлемнің әр молекуласы саған аманат. Аманаттың қадірін түсінуге қабілетті болғандықтан да сен адамсың». Жылдар өтіп өзім мұғалім болғанымда да оның осы сөздері көкейімде өз жауабын күтіп көп жатты. Аяулы оқырманым менің, ойланып өмір сүрудің саған берілген мұғжизалардың бірі екенін жеткізгім келген ниетпен осы кітапты жаздым.